Шымкент қаласының әкімі төтенше жағдайдан кейін жұмысын жаңартқан “Оңтүстік” АЭА-ның кәсіпорындарының қызметімен танысты

Төтенше жағдайдан кейінгі кәсіпорындардың жұмысымен танысу мақсатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтенов Қазақстандағы ірі  “Бал Текстиль” кілем фабрикасына барды. Жалпы инвестиция  құны -11 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жылына  6 миллион шаршы метр кілем және кілем бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Фабрикада 300 адам жұмыс істейді. Бүгінде қазақстандық кілемдер Германия, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. “Бал текстиль” кілемдері сапасы жағынан Бельгия мен Германиядан кем түспейді.
Сонымен қатар, қала әкімі жалпы құны 1 миллиард 800 миллион теңге болатын “Әлем БТ” ЖШС-нің қазақстандық шұлық-ұйық фабрикасының қызметімен танысты. Кәсіпорынның қуаты жылына 20 миллион жұп өнімді құрайды. Фабриканың ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық бұйымдарының үлгісін шығарады. “Әлем БТ” отандық фабрикасының өнімі іске қосылған сәттен бастап қазақстандық тұтынушылардың сенімін ақтап үлгерді.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы “LuxShoes “БК”ЖШС таза былғарыдан аяқ киім өндіру фабрикасының жұмысымен танысты. Фабрикада  өнім итальяндық технология бойынша заманауи түрік жабдықтарымен шығарылады. Кәсіпорынның қуаты жылына 120 мың жұп аяқ киімді  құрайды. Сондай-ақ, қала басшысы “Azala Cotton” мақта-мата иірімжібін өндіретін фабрикаға барды .
Қала әкімі  пандемия халықтың денсаулығы үшін әлі де қауіпті екенін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына қатаң түрде карантиндік шектеулерді сақтауды тапсырды.
Бүгінгі таңда “Оңтүстік” АЭА аумағында жалпы құны 29,9 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылып,  1 630 жаңа жұмыс орны ашылды. 2020 жылдың ақпан айында “LUX Shoes “БК” ЖШС аяқ киім табанын шығару жобасы іске қосылды, 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Осы жылдың соңына дейін “B.A. E. R.”ЖШС таңу материалдарын өндіру бойынша жобаны іске қосылады деп күтілуде.